Ақтөбе облысында заңсыз ақбөкен аулады деген күдікпен 4 адам ұсталды

Резерват аумағында тексеру шараларын жүргізіп жүрген "Ырғыз-Торғай" ұлттық табиғи резерваты қызметкерлерінің мекеме директоры Н.Сәрсенбайұлы бастаған тобы сағат 11-30 шамасында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Бәйтерек елді мекенінің маңынан күдікті "Land Cruуzer" автокөлігін байқап, тоқтатады. Көлік салонында Қызылорда облысының 4 тұрғыны отырғаны анықталды. Ал, көлікті тексеру барысында резерват қызметкерлері оның ішінен жаңа алынған 62 дана киік мүйізін, 1 килограмм киік етін, 4 пышақты, 4 дана мотоцикл дөңгелегінің камерасын, 2 автокөлік мемлекеттік нөмірін, машина дөңгелегін жаруға арналып жасалған 4 ұшты темір қаданы тапты. Заңға сәйкес сол жерде тиісті құжаттар толтырылып, қазір бұл іс құқық қорғау органдарына жолданды.