Байғанин ауданындағы Қарағанды кен орнында мұнай бұрғылау жұмыстары қазір тоқтаған. Себебі жарты жылға жуық айлық көрмеген жұмысшылар компания кеңсесінің табалдырығын тоздырумен жүр.
Бақытгүл Мурзина, мұнай компаниясының жұмысшысы:
-Қазан айынан бастап 2014 жылдың «Лайнс Джамп» ЖШС айлық төлеген жоқ. Алғашында мұнай бағасы түсіп кетті деді. Біз жаңа кіріп шықтық, енді сатып алушы есеп-шотқа ақша аудармай жатыр деп отыр. Жүрміз тек екі ортада, ақша жоқ.
Айлықтарын ала алмай ақшадан тарыққан мұнайшылар қарызға белшеден баттық деп отыр. Барлығының дерлік банктен алған несиелері төленбеген соң еселеп өсіп кеткен. Ал жалақыларының қашан қолдарына тиетіндігін компания басшылары айтпайды. Тіпті кеңсеге кіруге рұқсат жоқ.
-Жібер мені. Кіремін. Жіберші...
Базына тыңдайтын басшы болмаған соң, шыдамы таусылған мұнайшылар еңбек инспекциясына шағымданды. Ондағылар осы айда жалақыларын алып беруге уәде етіп отыр.
Аслан Қоспағамбетов, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы:
-Жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Қазір жұмысшылары алдындағы қарызы 20 миллион теңгеден асты. Компанияға ол ақшаны бесінші ақпанға дейін өтеуге уақыт бердік.
Егер алдағы бейсінбіге дейін айлық түгел үлестірілмесе компания қайта тексеріліп, үлкен көлемде айыппұл салынбақ. Қазірдің өзінде жұмысшыларын еңбекақысынан тарықтырған «Лайнс Джамп»-тың басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Инспекторлар әзірге қолдан келері осы деп отыр.
Loading...