Ақтөбе облысындағы бірқатар су шаруашылығы қоймалары жеке меншік компанияларға жалға берілді

Тендерге қатысқан сегіз шаруашылық субьектісінің алтауы жеңіске жетті. Мәселен, тендер комиссиясының шешімімен "Степное" серіктестігіне Қарғалы су қоймасы, "Забота" өндірістік кооперативіне Сазды су қоймасы, облыстық балықшылар мен аңшылар қоғамына Ақтөбе су қоймасы уақытша пайдалануға берілді. Ал Ырғыз-Торғай өзен-көлдер жүйесіне енетін көлдер "Ақжан" ЖШС мен "Тастемір" шаруа қожалығына берілді. Ырғыз ауданындағы басқа тоғыз көл байқау қорытындысы бойынша "Ырғыз және К" ЖШС-інің иелігіне көшті.

Балық инспекциясы басқармасынан хабарлағанындай, тендер жеңімпаздары өздеріне сеніп тапсырылған су қоймаларындағы балық қорын арттыру және сапасын жақсарту жұмыстарын жүзеге асыруы тиіс. Сондай-ақ, жаңа қожайындар су қоймаларындағы экологиялық ахуалды жақсартып, ондағы өнеркәсіптік балық қорының тіршілік жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. Жалға алушылардың іс-қызметін мемлекеттік балық инспекциясы қадағалайды.
Басқарма ақпаратына сәйкес, су шаруашылығы қоймаларын жалға алу мерзімі олардың тендер шартын орындау жағдайына қарай жыл сайын ұзартылып отырады. "Тиісті заң қабылданғаннан кейін алдағы уақытта су қоймалары 49 жылға ұзақ мерзіммен жалға берілетін болады",- деді А.Иманбеков. Балық инспекциясындағылардың пайымдауынша, "көлдер мен өзендерді ұзақ мерзіммен жалға беру ғана потенциалдық жалға алушыларды қызықтырып, облыстағы өнеркәсіптік мақсаттағы балық қорын арттыруға жағдай жасайды".