Ақтөбе облысының шенеуніктері жайлы кеңсесін тастап күні-түні су қоймаларын бақылауға көшті

Қыс бойы қамсыз жатқан ақтөбелік шенеуніктер көктем келісімен әбігерге түсті. Қар жылдағыдан 4 есе көп жауғандықтан қазір аймаққа қатер төніп тұр. Сондықтан жылы кеңселерін тастап, өз көздерімен күн сайын өзен-көлдердің жағдайын бақылап жүр. Аймақтағы су шаруашылығы мекемесіндегілер де күн күрт жылынса бірнеше елді-мекен «қызыл судың астында қалады» деп дабыл қағуда.

-Ақтөбе облысында 11 су қоймасы бар. Соның бірі мына Қарғалы ауданында орналасқан. Қазір бұл жерде 80 млн текше метр су болса, әлі де 200 млн текше метр ылғалды қабылдай алады. Ал егер одан асып кетсе аудан тұрмақ, облыс орталығына қауіп төнеді.

Су шаруашылығы мекемесіндегілер синоптиктердің болжамдарын қалт жібермеуге тырысады. Ондағылар аймақтағы барлық су қоймасы «еріген қар суын сыйдыра алмайды» деп кесіп айтыпты. Әсіресе Ырғыз бен Ойыл аудандарының тұрғындарына қиын соқпақ. Бірақ облыс әкімі «қандай қиындық кездессе де еңсерміз»,- деп жұртты сабырға шақыруда.


Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі: 

-Инерттік материалдар дайын. Бос қапшықтар дайындадық. Басқа да құрылыс материалдары бар. Биылда оңай болмайды. Биылғы қардың көлемі көп. Судың да көлемі көп болады. Сондықтан да қазір бұрынғыдан да жақсырақ жұмыс істеуіміз керек. 

Биыл қар жылдағыдан екі апта бұрын еріп жатыр. Наурыздың жиырмасынан бастап тұрғындардың құлағы түрік болуын ескертеді су шаруашылығы мекемесіндегілер. Себебі сол уақыттан бастап суға лық толатын қойманың қаншалықты шыдас беретіні белгілі болмақ.