Ақтөбе облысының сыртқы сауда айналымы 4,5 млрд. долларға дейін артады

Департамент төрағасы Серік Орынбаевтың айтуынша, бұрынғыдай, сыртқы сауда айналымының көлемін мұнай, ферроқорытпалар мен хром тұздарының есебінен арттыру көзделіп отыр. Ол үшін "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" ААҚ, "Қазхром" ҰК" АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен "Ақтөбе хром тұздары зауыты" ААҚ биыл өнім экспортын 1,5 есе арттыруы тиіс.

С.Орынбаевтың айтуынша, аймақта сыртқы-экономикалық алыс-беріс саласында оңды қарқын қалыптасты. 2004-жылы облыстың сыртқы сауда айналымы былтырғы жылғы көрсеткішен 1,6 есе артып, 3,2 млрд. доллар болды. Аймақтағы шаруашылық субьектілері 83 елмен сыртқы сауда саласында байланыс орнатқан. Олар өз өнімдерін 51 мемлекетке экспорттайды. Ал облысқа 74 мемлекеттен тауар импортталады.
678 мың тұрғыны бар Ақтөбе облысы донор-аймақ болып табылады.