Бірнеше айдан бері Айрық ауылы тұрғындарының мазасы қашқан. Себебі елді-мекен іргесінен қос-қостан мұнай қалдықтарын жинайтын полигон ашылмақшы. Мұны жергілікті билік өкілдері еш ескертпеген. Тіпті, алдын-ала қоғамдық тыңдау ұйымдастырмапты.
Қара алтынның арқасында қарық боламыз дегенге бұл ауыл жұрты сенуден қалған. Себебі малдың арқасында жан бағып отырған олар соңғы жылдары жайылымның тарылып, шөптің шығымы азайғанын айтады. Енді онымен қоймай дәл жандарына мұнай қалдықтарын төкпекші.
Сағынай Төремұратов, Айрық ауылының тұрғыны:
-Осы күн көрісіміз барлығы мал. Малым жайылатын жерге үш шақырым жерден ашайын деп жатыр. Соған үзілді -кесілді қарсымын. Бос жерлер көп қой. Мына Ойылға дейін бос жатыр. Сол жақтарға неге салмайды? Ауылдың айналасына тыға бергенше.
Бұл ауыл бұрыннан Арал экологиялық апат аймағына жатады. Енді тұздан ғана емес мұнайдан да қауіптеніп отыр. Өйткені төгілген қара алтын қалдықтарының кесірінен көрші ауылдағылардың малы қырылған екен.
Тимур Алуов, Айрық ауылының тұрғыны:
-Мал бағып отырмыз. Малдары жұрттың, мына жақта адамдардың өліп жатыр сондай полигонның аққан суынан. Соған енді бізді тыңдамайды да ғой қара халықты. Үлкендер дегенін істейді.
Жергілікті биліктің расымен жұртпен санасқысы жоқ. Іргеден қоқыс көметін орын ашуды әкімдік қолдап отыр. Атқамінерлердің ойынша, полигон салудың дүкен ашудан еш айырмашылығы жоқ екен.
Азамат Ерғалиев, Байғанин ауданы әкімінің орынбасары
-Ол қазір нарық заманы. Ол өзінің мүмкіншілігіне қарай екі- үшеуін алуы мүмкін. Мысалы, он дүкен салып, он біріншісін салуға болмайды деген заң жоқ қой. Сұраныс болса полигон ашылады. Ешқандай кедергі жоқ.
Қазірдің өзінде Байғанин ауданында мұнай қалдықтарына арналған үш полигон бар. Енді тағы осыншамасы Айрық ауылының жанынан салынбақ. Бұған келіспеген жұрт мәселені алдымен сот арқылы шешіп көрмекші.
Loading...