Ақтөбе полицейлері 13 Өзбекстан азаматын күңшілдіктен шығарып алды

18 жастан 28 жас аралығындағы алты ер азаматты, және 15 жастан 45 жас аралығындағы жеті әйелді, Қазақстанға жұмысқа орналастырамыз деген желеумен әкелген. Полицейлердің мәліметіне қарағанда, олар бірнеше мәрте саудаланыпты. Соңғы «қожайындары» кәсіпкер әйел, монша кешенінің иесі.

Күңшілдікке алынған Өзбекстан азаматтары құжаттарынан айырылған. Олар күніне 20 сағаттан тапжылмай жұмыс істеген, екі әйелді қожайындарының туыстары зорлаған. Полиция қызметкерлері «зардап шеккендер күңшілдік күнін кешіп, қамауда өмір сүрген, монша кешені иесінің туыстары тарапынан үнемі соққыға жығылған», - дейді.

Қазіргі таңда 128 бапқа сәйкес (адамды пайдалану мақсатында арбау) қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.