Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтің айтуынша, 23 жастағы ресейлікті экстремизм, сепаратизм және лаңкестікпен күрес бөлімінің қызметкерлері нақты ақпарат келіп түскеннен кейінгі жедел іздестіру шаралары кезінде қолға түсірген. Ол ақпаратқа сәйкес, ағайынды Жұбановтар атындағы көшеде пәтерлердің бірінде құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген жас жігіт тұрып жатқан.
"Шұғыл ақпарат толығымен расталды жене де күдікті тұтқындалды. Жігітке осы күнге дейін Санкт-Петербург қалалық ІІБ 2006 жылдың күзінде екі қызды өлтіргені үшін іздеу жариялаған екен", - деді А. Иманғалиев.
Тергеу амалдары оның кісі өлтіргеннен кейін Атырау облысында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Қазақстан Республикасында жасырынғанын анықтады.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалды. Оны Ресей Федерациясына экстрадициялауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.