Ақтөбе қалалық әкімшілігінде ауыс-түйістер болды

С.Мұқашев 1964-жылы Ақтөбеде туған, Ригадағы ұшқыштардың техникалық училищесін азаматтық авиация штурманы мамандығы бойынша, ал Бөкетов атындағы Қарағанды университетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген.

2000-жылдан бастап С.Мұқашев Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, "Ақтөбе жылу-электр орталығы" ЖАҚ директорлары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Алматыдағы коммерциялық құрылымдарда еңбек етті. 2004-жылдың сәуір айынан бері ол ҚР президенті әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау жұмыстары және кадр саясаты мемлекеттік инспекциясы басқармасында мемлекеттік инспектор болған.
Ақтөбенің бұрынғы әкімі Қайырқожа Елеусізов облыс әкімінің бұйрығымен басқа жұмысқа ауысуға байланысты бұрынғы жұмысынан босатылды. Е.Сағындықовтың айтуынша, "ол облыстық әкімшілік аппаратында жұмыс істейтін болады".
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары орынтағын Глеб Щегельский де босатты. Бұл лауазымға Сәния Қалдығұлова тағайындалды. 90-шы жылдарда қала әкімінің бірінші орынбасары болып істеген ол 1999-жылы мәжіліс депутаттығына сайланды.