Ақтөбе қаласының барлық қоғамдық көліктерінде GPS құрылғылары орнатылды

Өңір басшысының айтуынша Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында, жүзеге асырылып отырған ізгі шараларының бірі қоғамдық көлік саласын цифрландыру. Бүгінгі күні қаладағы барлық дерлік қоғамдық және коммуналдық көлік құралдары GPS-трекерлермен жабдықталған.

«Жолаушылар тасымалын бақылау және электрондық билеттерді енгізу жүйесі бойынша барлық қоғамдық көліктерде ұйымдастырылған орталық диспетчер болады, қай көліктің қаланың қай бұрышында жүргенін, қандай көлік жетіспейді соны біз қадағалап отырамыз», – деді облыстың басшысы Б. Сапарбаев.

Оған қоса Aktobe Bus мобильді қосымшасы арқылы көліктердің қаланың қай тұсында жүргенін бақылауға болады. Қазір Астана, Алматы қалаларындағыдай қоғамдық көліктердегі электронды төлем жүйесі пилотты түрде бастау алып, жылдың аяғына дейін бұл жүйе толығымен қаламызда енгізіліп, жыл соңына дейін толыққанды жұмыс жасайтыны жөнінде айтып өтті облыс басшысы.

Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктің диспетчерлік қызметі ұйымдастырылды. Ол қоғамдық көліктердің қозғалысын қадағалайды, маршрутпен белгіленген жолдан ауытқуды анықтайды, тоқтау және жолға кеткен уақытты қадағалайды.

Естеріңізге сала кетелік, мобильдік қосымшаның жолаушылар үшін пайдасы орасан зор, тұрғындарға автобустың орналасқан жерін бақылауға, маршруттар мен аялдамаларды қадағалауға, қоғамдық көліктің жүру кестесін қарауға мүмкіндік туды.

Аталмыш жүйе бойынша автобустарда электронды билеттер жүйесін 2019 жылы орнату жоспарлануда.


Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында «ақылды қалалардың» өңірлік дамудың, инновациялар мен елдің барлық аумақтырында өмір сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналатындығы айтылған. Аталмыш тапсырманы орындап, Ақтөбе экономкасын цифрландыру мақсатында «Smart Aktobe» жобасы жүзеге асырылуда.

Айта кетелік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингімен жүзеге асырылуда.

Цифрлық Қазақстан жобасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» Жеке қорымен іске асырылады.