Ақтөбе қаласының маңындағы жекеменшік үйден шыққан өрт газ баллонының жарылуынан болған


«ҚазТранГаз Аймак»АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының бас инженері Болат Оспанов «ҚазАқпарат» тілшісіне  қайғылы жағдай газ жабдығымен, атап айтқанда, газ баллонын пайдалану қағидасын бұзуы салдарынан орын алғанын хабарлады. Еске салсақ, оқиға орнында өрт сөндірушілер жоғарғы бөлігі жұлынған бес литрлік газ баллонын тапқан.

Үй иесі, оның ұлының айтуынша, оқиға орын алғанға дейін бірнеше сағат бұрын үйге жақын жердегі газ құю бекетінен пропанмен толтырып,  газ баллонын әкелген. Баллон газбен нормадан тыс толтырылған. Суықтан ісінген ол жылы жерге әкелінген соң қысымы молая түскен. Салдарынан баллон металы шектен тыс қысымды көтере алмай, газдан от шығуына себеп болған, бұл кезде газ пилитасында шәйнек тұрған. Жалын өртке ұласып, салдарынан 10 жасар баланы қосқанда, алты адамды ауыр дәрежеде күйік шалып, Ақтөбе ауруханасына жеткізіледі. Олардың үшеуінің денесін 80 пайыз күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр, олар Астанада жоғары мамандандырылған ем алуға мұқтаж.