Ақтөбе театры алғаш рет түрмеде спектакль қойды

- Ақтөбеге Астанадан бір айға келген арнайы топтың өтінішімен драматург Жабал Ерғалиевтің "Есігімді қақққан кім?" пьесасын ЛФ-168/2 мекемесіне апарып қойдық. Бұл қазіргі тілмен айтқанда, қала тұрғындары арасында хит болып жатқан қойылым. Драматург отбасын, отанын тастап Сирия асқан радикалдардың тағдырын бейнелейді. Қойылым жазасын өтеушілердің көңілінен шыққан сыңайы бар. Қайта-қайта қол соғып отырды. Алтыншы түрменің сахнасы шағын болғандықтан соған лайықтап, декорациясымыздың азғантай бөлігін ғана алып бардық, - дейді Жандос Еспанбетов.

Жандос Еспанбетов Ахтанов театры өз тарихында бұрын-соңды түрме сахнасында қойылым қоймағанын айтады. "Бұрын түрмеге концерттік бағдарлама, интермедиялармен ғана баратынбыз" дейді ол.

Жабал Ерғалиевтің "Есігімді қаққан кім?" пьесасы Ақтөбе театрында алғаш рет 3 қыркүйек күні көрсетілді. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан сол кезде алғашқы қойылымға облыс, қала басшыларымен бірге жергілікті имамдар, теологтарды шақырғанын айтқан болатын. Ондағы ой – қойылымды қалың көпшілікке ұсынбас бұрын діни сауаты бар адамдардың сынынан өткізіп алу болған.


Театр директоры Нұрлыбек Жұбатханның сөзінше, театр облыстық әкімдіктен 15 шілде күні "діни тақырыптағы қойылым қажет" деген тапсырма алған. Ол бұрын-соңды репертуарында діни тақырыпқа шығармалар болмаған театр ұжымы үшін бұл күтпеген тапсырыс болғанын айтады. Бұл қойылым қараша, желтоқсан айларында Ақтөбедегі оқу орындарында да қойылмақ.