Ақтөбеде 15 жаңа мектеп салынады

«Былтыр үш ауысымдағы мектептер саны сегізге азайды. Бұл жаңа оқу ғимараттарының көптеп салынуының арқасында мүмкін болып отыр. 2016 жылдан бері облыста 48 мектеп салынып, апаттық жағдайда тұрған, ескі мектептерді жоюға мүмкіндік берді. Биыл аймақта 15 жаңа мектептің құрылысы аяқталады»,-деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Өңірде биыл пайдалануға берілетін білім мекемелерінң арасында дарынды балаларға арналған «Әсем» оқыту-танымдық орталығы да бар. Мұнда оқушыларды оқудан үзбей жыл бойы жұмыс жасайды. Бала білім аып қана қоймайды, денсаулығын да дұрыстап, түрлі әлеуметтік тәжірибелерге қатыса алады.

«Әсем» оқыту-танымдық орталығының оқу корпусы ультра  заманауи зертханалармен және оқу аудиторияларымен жабдықталған. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жетекші оқытушылары, сондай-ақ әртүрлі салаларда табысқа қол жеткізген көрнекті тұлғалар білім береді. Орталық аумағында үш жатын корпусы, жастар орталығы, спорттық алаңдар, жеңіл атлетикамен айналысатын база, хауыз бар. Жыл бойы орталықта екі апталық тақырыптық ауысымдар өтеді. Ай сайын мұнда республика мен шетелдерден 10-16 жас аралығындағы 300-ге жуық бала қабылданады»,-деді Ләззат Оразбаева.

Ал, «Сымбат» жеке физика-математика мектебі жанындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта ауылдан келген балалар тегін оқытылады. Мұнда 100 бала мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында білім алады. Мектеп-интернат елдегі мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылып отырған жалғыз жоба. Ақтөбе облысында 2020 жылға дейін апаттық мектептер мен үш ауысымдағы оқыту мәселесі толық шешілетін болады.