Мектеп басшылығының айтуынша, төбелескен оқушылардың сабақ үлгерімдері жақсы болған және бұған дейін нашар тәртібімен ешқашан көзге түспеген екен. Куәгерлердің айтуынша, мұғалім мен шәкірттерінің арасындағы осынау жанжал өткен аптада орын алыпты. Соққыға жығылған педагогтың бір қолы сынып, ауруханаға түскен.
Облыстық ІІД өкілдері бұл жайт бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдепті.
"Оқиға түстен кейін барлық сабақ біткеннен кейін орын алған. 11-сынып оқушылары бізде бірінші ауысымда оқиды. Төбелескен балалар саны төртеу. Жас мұғалім мектепке жаңадан орналасқан, небәрі екі ай болды жұмыс істеп жүргеніне. Төбелескен төрт оқушы да бұрын есепте тұрмаған, сабақ үлгерімдері жақсы. Біз өзіміз таң қалып отырмыз. Мұғалім қазір ауруханада емделіп жатыр, қолына гипс салынған. Ал, төрт оқушы да сабаққа келіп жүр. Олар мұғалімге барып кешірім сұрады, педагог кешірді", - дейді мектеп директорының орынбасары Бибінұр Қабатбергенова.