-Мектептерде сабақ арасындағы үзіліс уақытын созу туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданған. Бірақ осы уақытқа дейін оны ешбір аймақтағы білім ошағы орындамапты. Тек биыл ақтөбелік тұтынушылар құқығын қорғау департаментіндегілер үзілісті ұзартпаған директорларды жазаға тартамыз деп қорқытқан. Енді амалы таусылған білім ошағының басшылары олардың бұйрығына көнуге мәжбүр.
Үзіліс уақытының ұзарғанынан екінші ауысымда оқитын оқушылар зардап шегіп отыр. Себебі сабақтары бір сағатқа кеш басталып, үйлеріне қас қарая қайтады. Балаларының мектептен аман келуін тілеп отырған ата-аналардың екі көздері төртеу болған.
Галина Әбілқайырқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Кішкентай балаларға обал. Мына қалада ыңғайсыз жағдайдың болғанын бәріңіз білесіздер. Жазда ма, осы Темірлан жоғалып кетті. Темірланның кейпін киеміз ғой осы жүріспен. Біз қарсымыз.
Санитарлық талапқа сай, сабақ арасындағы үзілісте балалардың тынығып алуына жарты сағаттай уақыт керек екен. Бірақ оқушылар өзгеріс енгелі бері қоңыраудың қашан соғылатынын зарыға күтетіндерін айтуда.
Богдан Олейников, оқушы:
-Үзіліс кезінде бәріміз не істерімізді білмей сыныпта отырамыз. Ішіміз пысып кетеді. Ал үйге кешкі сегізде қайтамыз. Қараңғыда жүру қорқынышты. Спорт секциясына да баруды қойдым. Оған уақыт жоқ.
Ұстаздар да үзілістің ұзартылғанына қарсы. Себебі олар бұрынғыдай сегіз сағат емес, мектепте он екі сағат бойы жүруге мәжбүр.
Меңсұлу Жарықова, мектеп мұғалімі:
-Бұл бәрімізге де қолайлы болмай тұр.Сыныпта әрең отыратын оқушылар жарты сағаттық үзілісте мектептің шаңын көтеріп жүгіреді.
Қалалық білім бөліміндегілер санитарлық талапты өзгертуге қауқарсыз. Заңмен бекітілген соң көнуге тура келетінін айтады. Себебі ол орындалмаса мектеп директорларына қомақты айыппұл салынады екен.
Ирина Исаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Ата-аналардан шағым көп түсіп жатыр. Бірақ біз не істей аламыз? Талаптарды өзгерту туралы ұсынысымызды басқармаға, Білім министрлігіне жолдадық.
Ең қызығы, үзіліске қатысты санитарлық ережені орындауды тек ақтөбелік тұтынушылар құқығын қорғау департаментіндегілер талап етуде. Олардың өзге өңірдегі әріптестері екінші ауысымда оқитындарға өзгерістің қолайсыз екеніне түсіністік танытыпты.
Loading...