Байбақты өзенін бойлай орналасқан Бестамақ ауылының тұрғындары жағалауда қырылып жатқан балықты көріп жағаларын ұстады. Айтуларынша, осыдан бір күн бұрын су бетін қою лай басыпты. Артынан қолқаны қабатын күлімсі иіс аумақты алып кеткен. Бұған елді-мекен маңындағы шошқа фермасын кәнілауда. Себебі шошқаның нәжістеріне арналған ор тесіліп, қалдықтары өзенге құйылған көрінеді.
Дидар Төлепбергенов, Бестамақ ауылының тұрғыны:
- Мына өзенге шошқаның боқ-сідігін ағызып, енді соның кесірінен міне, балықтар қырылып жатыр. Енді оның арғы жағында малдар су ішеді. Мал қырылуы мүмкін. Енді білмеймін әрі қарай не болатынан. Осыны тездетіп жоғарыдағы ағаларымыз бір жағына шығару керек.
Дау тудырған шошқа фермасы Ақтөбедегі қалталы кәсіпкерлердің бірі Гаик Тертерянға тиесілі. Ол қырылған балықтарды таң атпай, экологтар келгенше жинап алуға жұмысшыларына бұйырыпты. Тіпті қожалығына ешкімді кіргізбеу үшін күтпеген жерден карантин жариялаған. Ал өңірдегі балық инспекциясындағылар болса аққайранның шошқа фермасының кесірінен уланғандығын жоққа шығармайды. Бірақ растамады да.
Береке Тоғаев, Ақтөбе облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Біздің тарапымыздан Экология департаменті ескертілді. Олардың мамандары да барып су алып, судың аналасын анықтап, жұмыстар жүргізілді. Нақты неден болғанын тек судың зерттеу жұмыстары өткеннен кейін барып белгілі болады. Судың, балықтың.
-Байбақты өзені мына жатқан Електің бір сағасы. Ол Ақтөбе су қоймасына барып құяды. Сондықтан жергілікті тұрғындар шошқа фермасының нәжіс қалдықтары өңірдегі ірі өзен-көлдерді ғана емес, ішіп отырған ауыз суымызды лайлады деп дабыл қағуда. Енді шенеуніктер мен құзырлы органдардан мал шаруашылығымен айналысатын сол ферманы жабуды талап етіп отыр.