Қаржы полициясынан хабарлағандай, "Әйтеке би" кеден бекетінің қызметкері ақтөбелік азаматтан 25 темір жол шпалдары тиелген "КамАЗ" жүк көлігінің республиканың кеден шекарасы арқылы кедергісіз өтуіне уәде беріп, ақысына 40 мың теңге боспалаған. "Жедел-іздестіру шаралары барысында "Әйтеке би" кеден бекетінің аға маманы 40 теңге алу үстінде құрықталды",-деп хабарлады экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес департаментіндегілер.
Ақтөбе қалалық соты бұрынғы кеден қызметкерін кінәлі деп танып, бес жыл бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы тәртіпті колонияда өтеуге үкім шығарды.
Сонымен қатар, қалалық сот пара алды деп айыпталған Ақтөбе облысының туберкулезге қарсы емханасының бас дәрігерінің бұрынғы орынбасарына қатысты да шешім қабылдады. Естеріңізге сала кетейік, 54 жастағы дәрігер емделушіні емхананың аурулар жататын жеке бөлмесіне жатқызу үшін және де қажетті емдеу процессімен қамтамасыз ету үшін одан ақша боспалаған. Дәрігер сотта өз кінәсін толық мойындады. Сот дәрігердің өз ісіне өкінгендігін ескере отырып, оған ең аз - жалпы тәртіпті абақтыда үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге үкім шығарды.
"Екі дерек бойынша шыққан сот шешімі он бес күннен кейін заңды күшіне енеді, сотталғандар осы күн ішінде үкімге қатысты жоғарғы сатылы органдарға шағым жасау құқықтарына ие",- деп атап өтті экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті