Ақтөбеде дауыл екі кранды құлатып, үш балконды қиратты

Ақтөбеде алапат дауыл болып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Батыс-2 ауданында 2 кран құлап қалды. Кран 9 қабатты тұрғын үйдің үш балконын қиратып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде алапат дауыл болды. Төтенше жағдайлар қызметі қазір дауылдан кейінгі шығынды есептеп жатыр. Адамдарға еш қауіп төніп тұрған жоқ.

«Түскі мезгілде дауыл тұрып, екі кран құлап қалды. 9-қабатты тұрғын үйдің 6, 7, 8 қабатындағы балкондары қирады. Ал бірінші қабаттағы пәтердің терезесі сынып қалды. Қала тұрғындарына дауыл туралы хабарлама берілген жоқ», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметкері Динара Атраубаева.

Оқиға куәгері Ақмарал Нұрсұлтанқызының айтуына қарағанда, қатты дауыл соққан кезде алдымен бір кран құлап, кейін екіншісін сүйреп кеткен. Шатырлар ұшып, тұрғын үйлердің ауласындағы көліктер зақымданған.


Айта кетейік, Батыс-2 ауданындағы тұрғын үйдің бәрі жаңа. Кран қиратқан үй 2012 жылы пайдалануға берілген.