Ақтөбеде ер адам екі мың теңге үшін екі зейнеткерді ұрып-соғып, жарып жібермек болған

Еңгезердей ер адам олардың бетінен, ішінен жұдырықпен ұрып, тепкінің астына алған. оның 65 жастағы сіңлісінің беті мен көзін пышақпен тілгілеп тастапты. Ер адам олардан миллион теңге талап етіп, үйді газбен жарып жіберетінін айтып қорқытқан.

Бұл туралы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

«Сіңлім екеуіміз 40 жыл бойы облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істедік. Мен балалар бөлімінде мейірбике болдым, сіңлім Айман Сағындықова акушер болып жқмыс істеді. Біз – соғыс ардагерлерінің балаларымыз. Үй ата-анамыздан қалған. Осы жерде өмір бойы тұрып жатырмыз. Болған жайтты еске алу да қорқынышты», – дейді Зылиха Қоспаева.

Кейуананың айтуынша, 22 ақпанда кешкі сағат 20:00 шамасында өздеріне шабуыл жасалған. Үйге аяқ астынан еңгезердей ер адам кіріп келіп, оны бетінен теуіп жіберген. Мен құлап қалдым, ол мені ұрып-соқты, деп еске алады зейнеткер.

«Сіңлім дәлізде қансырап жатты. Ер адам пышақпен оның бетін, көзін тіліп тастаған. Дәрігерлерге оның бетіне тігіс салуға тура келді. Мені ұрып жатқанда, сіңлім әрең дегенде біз жаққа жетті. Ер адам: «Көршілерің сендерде миллион теңге бар екенін айтты, беріңдер!» – деп айқайлады. Алайда біздің ондай ақшамыз жоқ. Зейнетақымыз аз. Сіңлім әмиянды тауып, мың теңге берді. Ол тағы сұрады. Айман соңғы мың теңгесін берді. Мен сөреден әлденені іздегендей кейіп таныттым. Ол жаныма келіп, сөрені ақтара бастады. Ештеңе таппағандықтан, бізді тағы ұрып-соқты. Осылай 2 сағат жалғасты. Ішімізден, бетімізден жұдырықпен ұрды», – дейді кейуана.

Соққыға жығылған зейнеткердің сөзінше, ер адам үйдегі телефонның сымын кесіп тастаған. Оның ұялы телефонына біреулер қоңырау шалыпты. Артынша ол көлік шақыртып, зейнеткерлерден мекен жайды айтуын талап еткен. Мұнан кейін ол екі кейуананың қолын байлап, газ плитасын қосып, қолына сіріңке алған.

«Құдайға жалбарына бер, бірақ саған ештеңе көмектеспейді», – деді де, күлді. Осы кезде қайдан күш пайда болғанын білмеймін, көшене атып шығып, көршілерді көмекке шақыра бастадым. Менің үсті-басым қан еді. Алайда ешкім жедел жәрдем шақырмады. Сол кезде басқа көршілерге бардым. Жанымызда прокурор тұратын еді. Оның келіні жедел жәрдем мен полиция шақырды. Артынша дәрігерлер мен полицейлер келді», – дейді ол.


Полицейлер зейнеткерлерден жауап алып, саусақ іздерін алыпты. Алайда шабуыл жасаған ер адам үйдегі заттарды шүберек арқылы ұстауға тырысқан екен. Кейуанының сіңлісін дәрігерлер ауруханаға алып кетіпті. Оның бетін тігіп бергенімен, жанарын қалпына келтіре алмаған. Ал қаскөйдің пышағы ауладан табылыпты.

«Ол газды қосып үлгерген жоқ. Бізді осы құтқарып қалды. Мен қашып кетіп үлгердім. Ер адам қашып кетті. Полицейлер оның суретін көрсетті, мен оны таныдым. Ол бізбен бір көшеде тұратын көршіміз», – дейді Зылиха Қоспаева.

Ендігі зейнеткер қылмыскер жазасыз қала ма деп қорқып отыр.

«Егде жастағы қорғансыз екі әйел кімге керек? Біздің адвокат жалдауға да ақшамыз жоқ», – дейді ол.
Сазды аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, оқиғаға қатысты «Тонау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, тергеу жүргізіліп жатыр. Зылиха Қоспаева ауруханаға жатудан бас тартқан. Оған сот-медициналық сараптамадан өтуі үшін көлік ұсынылыпты, алайда ол бас тартыпты. Себебі үйді қалдыруға қорқады. Әзірге шабуыл жасаған ер адам ұсталған жоқ.