Ақтөбеде "Көктем-2008" командалық-штабтық жаттығулары басталды

Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, жаттығу аясында үш тапсырма бойынша жаттығулар өтпек. Олар: қызмет орындарының суда зардап шеккендерді құтқару бойынша өзара ықпалдастығы, ВЛ-35кВ сымының үзілу салдарын жою және тасқын салдарын жою кезінде штаб жанынан эвакуациялық пункт ашу.

Жаттығуларға облыс әкімінің орынбасары Мәлік Серікбаев жетекшілік ететін болады.

"Бұл жаттығулардың мақсаты - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жүйесінің дайындық және мүмкіндік деңгейін көтеру, сондай-ақ, елдімекендерді, өмірге қажетті аумақтар мен нысандарды су басу жағдайында орталық және жергілікті атқару органдарының жұмысындағы үйлесімділікті арттыру", - деп атап көрсетті департамент өкілдері.

Жаттығу үш күнге жалғасады. Оған облыстың барлық шұғыл қызметтерімен қатар коммуналдық қызметтің мамандары да қатыспақшы.