22 қаңтар мен 18 ақпан аралығында полиция мен көліктік бақылау инспекциясы бірлесе жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жолаушылар тасымалдайтын автобустардың техникалық құжаттарын тексеріп, жолда тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Бүгін Ақтөбе облыстық көліктік бақылау инспекциясы мен жол-көлік полициясы тексеруді бастады.
«Ақтөбе облысының әкімі мен көлік комитетінің нұсқауы бойынша бүгін тексеру басталды. Тексеру 18 ақпанға дейін жалғасады. Жергілікті полиция қызметі мен көліктік бақылау инспекциясы «Автобус» жедел-алдын алу шарасын ұйымдастырды. Тексеру жүргізетін әр мекеме автобустардың құжаттарын қарайды. Инспекция шетелдік жолаушыларды тасымалдайтын автобустарды бақылауға алады», - деді Ақтөбе облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Ерұлан Құрманиязов.
Айта кетейік, көліктік бақылау инспекциясы шетелдік жолаушыларды тасымалдауға рұқсат беретін құжатты қарайды.
«Көліктік бақылау инспекциясының екі бекеті бар. Жылжымалы бекеттің бірі Ақтөбе-Мәртөк тасжолының 96 шақырымында орналасқан, екіншісі Ақтөбе қаласы маңындағы Құрашасай ауылында тұр. Бірі Самара-Шымкент, бірі «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық дәлізіне қойылған.
«Рейс алдында жүргізуші медициналық тексеруден өтеді. Ал техникалық бақылауды автовокзал тексеріп, рұқсат береді. Қазіргі күні тасымалдау екі түрге бөлінеді: тұрақты және тұрақты емес. Ақтөбе облысында тұрақты емес тасымалдау түрімен 25 адам айналысады. Бұл тізімге туристердің өтінішімен жеткізу, вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар тасымалдау кіреді. Егер тексеру нәтижесінде құқықбұзушылық анықталса, әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынады», - деді Ерұлан Құрманиязов.