Осыдан тура бір ай бұрын немересін жетектеген Роза Айдарованы жүргіншілер жолағында көлік қағып кеткен еді.Соққының күшті болғаны соншалық, зейнеткер бірнеше метрге дейін ұшып түскен. Сол уақыттан бері кейуана облыстық жедел медициналық жәрдем беру ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Қашан есін жиятынын мамандар тап басып айта алмай отыр.
Мақсұт Еркебаев, дәрігер:
-39 күндей болды жатқанына. Жағдайы әлі ауыр. Өзіне санасы әлі келген жоқ. Медициналық тілмен айтқанда вегетативтік түрге қойып отыр. Әлі неврологиялық бұзылыстары қалпына келген жок.
Роза Айдарованың немересі жақында ғана амбулаториялық ем алуға үйіне жіберіліпті. Миы шайқалып, басынан жарақат алған 6 жасар қыздың жағдайы да мәз емес.
Ақерке Сапарова, Роза Айдарованың немересі
- Таңертең тамақ ішем, бірақ құсқым келеді, құса алмаймын. Басым ауырады, шамалы сосын қояды. Аяғым ауырады.
Зейнеткерді немересімен қоса қағып кеткен «Тойота» шағын автобусының жүргізушісі әлі күнге дейін төбе көрсетпепті. Тәртіп сақшылары да екі мәрте арнайы сараптама жасатқанымен, апатқа кімнің кінәлі екенін анықтамаған. Хәл үстінде жатқан кейуананың балалары тергеуді әдейі ұзартып отыр. Жауаптылар жазадан сытылып кетуі мүмкін деп күдіктенеді.
Сәт Айдаров, Роза Айдарованың ұлы
-Ана шопыр бала машинасын айдап жүр дейді. Ол қалай сайрандап жүр мына жақта біз қиналып жүргенде. Иә бір келіп кешірім сұрап, иә жағдайымызға көмек берсе екен. Біз сонда адам болмадықпа сонда?Жатқан мал болдығой, анам мен қызым.
Тәртіп сақшылары тергеудің аяқталмағанын алға артып отыр. Соңғы сараптаманың қорытындысы қолдарына әлі тимеген.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Медициналық тексеруден соң жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталды. Қазіргі таңда қажетті сараптама тағайындалып отыр. Осы сараптама қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасына кінәлі тұлға анықталатын болады.
Сол күні рөлде болған Қайсар Омаров өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтады. Яғни Роза Айдарова жүргіншілер жолағын кесіп өткенде, онда тұрған бағдаршамға мән бермеген.