Ақтөбеде кондуктор жасөспірімді жол ақысына бола ұрып жіберді

17 жастағы жасөспірімнің анасы полиция бөлімшесіне келіп, кондуктордың үстінен арыз жазған. Жасөспірімнің айтуынша, оқыс оқиға Болашақ базарының қасындағы №7 аялдамада болған.

“Мен жол ақысын қыз арқылы беріп жібердім. Автобуста адам көп болды. Кешке сабақтан қайтып келе жатқан болатынмын. Кондуктор кімнің ақша төлеп-төлемегенін түсінбей қалған шығар. Менен екінші рет жол ақысын алмақ болды. Мен ақшаны адамдар арқылы бергенімді айтып, автобустан түсіп қалдым. Ол мені қуып жетіп, жұдырығымен соғып жіберді”, – дейді жәбірленуші.

Анасы да ұлының бет-аузы қан болып келгенін айтты. Оның ерні жарылған екен. “Автопарк” заңгері Руслан Жылмақанов полицияның ол адамды таппағанын мәлімдеді.


“Бізге полиция келіп, №7 маршруттың кондукторын іздеді. Қоғамдық көліктерде міндетті түрде кондуктор болуы керек деген заң жоқ. Кейбірі өзінің әйелін немесе қарындастарын алып жатады. Ол штаттан тыс жұмыс істейді”, – дейді ол.

Бұл жолаушылар таяқ жеген алғашқы жағдай емес. 23 маусым күні Астана қаласында кондуктор жолаушыны пышақпен жарақаттаған болатын. Ал Қостанайда кондуктор 85 жастағы мүгедекті жол ақысына бола ұрып тастаған.