Ақтөбеде майданға жетпей опат болған сарбаздарға ескерткіш орнатылды

Қырғыз бекеті маңына орнатылған ескерткіш белгіде шойынжол мен жауынгер каскалары бейнеленіпті. Себебі, Отан үшін майданға атанған боздақтардың ажалы жаудан емес, оқыс апаттан болды. 1942 жылдың 22-ші шілдесінде әскери эшолон аударылып, 10 жауынгер көз жұмған. Айналдырған жарты тәулікте оларды көміп, куәгерлердің барлығынан өмір бойы ауыз ашпауға қолхат алынады. Тек осыдан екі жыл бұрын ауылдағы жалғыз қарт куәгер Жұмағазы Құбатов 15 жасында көрген оқиғаны айтып, белгісіз жауынгерлердің сүйектері табылған болатын.

Жұмағазы Құбатов, Ембі қаласының тұрғыны:

-Жерлегенін жеке өзім көрдім. Асығыс болмай соғысқа бара жатқан эшолон адамдарын көміп болғасын кетті соғысына. Мында оларды көміп жерлеп кетті.

Соңғы екі жылдың ішінде төбешіктен табылған сүйектер аруланып қайта жереленеді. Қазба жұмыстарын жүргізген қоғамдық ұйым еріктілерінің айтуынша, олар өзбек азаматтары болуы мүмкін. Себебі, қалталарынан Ташкенттен шыққан газет қиындылары табылған. Әзірге шейіт болған он әскеридің біреуінің ғана кім екендігі анықталды.


Әлімжан Қорғанбай, Ембі қаласының әкімі:

-Бір солдаттың тегі анықталды. Бірақ оның енді ағайын-тумалары Алматыдан звондаған жақын арада. Оның біреуінің әкесінің туған інісі табылған. Олда үлкен кісі . Өзінің ағасы осы жерде теміржол апатынан қаза тапты деген қара қағаз алған. Соның сүйегіне байланысты келеміз деген.

-Қырғыз бекетінің іргесіндегі мына төбеге жерленген 10 жауынгердің тоғызының кім екенін анықтау қалды. Жергілікті билік тарихшылар мен арнайы мамандардан сол үшін көмек сұрап отыр. Ал өңірдегі ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы еліміздегі мұрағаттар мен құзырлы органдарға 1942 жылдың 22-ші шілдесінде темір жолда болған оқиғаға байланысты сұраныс жолдаған.