Ақтөбеде малшы тауып алған әскери снарядты саперлар жарып жіберді

Тот басқан снарядты саперлар жарып жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Малшы бірден ауылдағы учаскелік полицияға хабар берді. Ал полиция қызметкері 30238 әскери бөлімінің кезекшісіне айтты. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тапсырмасымен 30238 әскери бөлімінің жарылғыш затты жою тобы аумаққа жіберілді. «Бұл даладан табылған алғашқы жарылғыш зат емес. 2015 жылдан бері онға жуық жарылғыш зат табылып, жойылды. Олардың бәрін жергілікті тұрғындар тауып алады», - деді 30238 әскери бөлімінің командирі Руслан Өтепов. Жарылғыш зат анықталған аумақ бірден қоршалып, 85 миллиметрлі снарядтың тасымалдауға жарамсыз екені анықталды. Сондықтан табылған жерінде жару жөнінде шешім қабылданды. «Кеңес одағы кезінде Ембі полигоны зерттеу жұмыстарын жүргізуге, әскери техника мен қарулы күшті сынауға бағытталды. Қазіргі кезде осы аумақтан түрлі зат табылып жатыр. Снаряд та сол кезеңнен қалған болуы мүмкін», - деді 30238 әскери бөлімі жарылғыш затты жою тобының командирі Аслан Баймағамбетов. Әуе қорғаныс күштері әскери институтының баспасөз қызметі кез келген жағдайда жарылғыш затқа жақындауға болмайтынын ескертеді. Егер даладан табылса, дереу полицияға хабар беру қажет. Өз бетімен тасымалдау, металл қабылдау орнына тапсыру қауіпті.