Ақтөбеде мамандандырылған әкімшілік сот ашылды

Жаңадан құрылған соттың төрайымы Дәмеш Әбдіәлидің түсініктемесіне жүгінсек, онда тек қана әкімшілік сипаттағы істер қаралады. Бұл азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жұмысын біраз жеңілдететіні анық.

Мәселен, әкімшілік сот жол қозғалысының ережесін бұзу, айыппұлдар төлеу тәрізді істерді қарау міндетін жүктемекші.
Бүгінде соттың штатында төрт судья мен 8 мемлекеттік қызметкер істейді. Ашылғалы екі аптадан бері бұл сотта 900 әкімшілік іс бойынша шешімдер шығарылды.
Сот облыс орталығының іргесіндегі Қарғалы ауылындағы ғимаратта орналасты. Бұл ғимаратты жөндеуге биыл 8 млн. теңге бөлінді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, елімізде мамандандырылған әкімшілік соттарды ашу шарасы сот жүйесін одан әрі реформалау бағдарламасының аясында 2003-жылы қолға алынған. Қазіргі жағдаймен осындай соттар республиканың барлық облыстары орталығында, Астана және Алматы қалаларында ашылған. Сондай-ақ Риддер, Балхаш, Жезқазған, Теміртау, Шахтинск, Рудный, Жаңаөзен, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха, Зырянов, Ақмола облысының Щучинск, Батыс Қазақстан облысының Бөрілі , Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандарында әкімшілік соттар жұмыс істейді.