Ақтөбеде мектеп оқушысын азаптап өлтіргендер ұсталды

Қол дорбаға салынған сегізінші сынып оқушысының өлі денесі мына жерден табылған болатын. Тергеушілердің пікірінше, қылмыскерлер оны анау тұрған қоқыс жәшігіне тастамақ болғанда, біреуден үркіп кетіп жарты жолда тастап кетіпті.

Қыздарының жоғалғанын отбасы оқиға болған күні ғана білді. Өйткені 14 жастағы оқушы ата-анасынан сұранып, құрбысының үйіне қонуға кеткен. Бірақ әке-шешесін алдап, әлеуметтік желі арқылы тапқан таныстарымен кездесуге барыпты. Ал қаскөйлер болса қызды зорлап, өлі денесін аулаға лақтырған. Қазір қос күдікті де қамауға алынды. 

Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Осы аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жас жігіт пен бойжеткен құрықталды. Бұл оқиғаның себеп-салдарын тергеу құпияларына байланысты әзірге айта алмаймыз.

Қаза тапқан қыз Ақтөбедегі №19-шы мектептің сегізінші сыныбында оқыған. Оқиғаның мән-жәйын білу үшін мектебіне барғанымызда ондағылар журналистердің жолын жауып тастады. 


 - Мен мектепке келіп тұрмын ғо түрмеге емес.

- Бастықтарымыз айқайлайды, директорларымыз.

Әйтсе де сабақ берген мұғалімдерінің айтуынша, марқұм озат оқушы болған. Көп ашыла бермейтін, тұйықтау еді дейді. 

- Сабақты үздік оқушы еді. Тәрбиелі отбасынан шыққан.

Жасөспірімнің қазасынан соң жергілікті әкімдіктегілер мектеп оқушыларына кешкі сағат сегізден соң көшеге шығуға тыйым салған. Тәртіп сақшылары мен мұғалімдер де күнделікті тексеруге шығуға кірісіпті.