Ақтөбе қаласында құлағы туа бітті керең болғандықтан арнайы имплантант салдырған 74 баланың ата-аналары бүгін жиналып, Астанадағы әлеуметтік реабилитацияны дамытудың ғылыми-практикалық орталығы жолдаған талапқа наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
- Құлағына арнайы имплантант орнатылған әр балаға мемлекет есебінен сөйлеу процессоры беріледі. Бұл құрылғының қолдану мерзімі бес жыл. Астанадағы ғылыми-практикалық орталық биылдан бастап қолдану мерзімі өткен сөйлеу процессорларын қайтарып алмақшы. Біз оған наразымыз! Өйткені, сөйлеу процессорының ескісін тапсырып, жаңасы қолымызға тигенше қиналып қаламыз. Оның үстіне мемлекет бес жыл бұрын ақысын төлеп қойған ескі құрылғының құлағы керең балалардан өзге кімге қажет болғанын түсіне алмай отырмыз, - дейді "Қуаныш дыбыста" деп аталатын қоғамдық бірлестіктің төрайымы Мәрзия Мұхамбетьярова.
Құлағына арнайы имплантант қойылған тоғыз жастағы Бектөре Жайшылықтың анасы Гүлжан Ильясова сөйлеу процессорының оны пайдалана бастаған алғашқы үш жылда ғана мемлекет есебінен жөнделетінін айтады.
- Құрылғы кейінгі екі жылда бұзыла қалған жағдайда Алматыдағы "САТР" деп аталатын серіктестік керең баланың ата-анасынан жөндеу ақысына 560 еуро алады. Бұл аз қаржы емес. Жаңа құрылғыға да ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа бұйрық шығарып, ескі құрылғыны өзімізге қалдыруын сұраймыз, -дейді Гүлжан Ильясова.
Құлағы туа бітті керең балалардың мәселесімен Қазақстанда үш бірдей ведомоство айналысады. Мұндай балаларға имплантант қою үшін ота жасау денсаулық сақтау министрлігіне тапсырылған. Ал сөйлеу процессорларын сатып алу мен алғашқы үш жылдағы жөндеу еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында. Керең балалардың реабилитациясы - білім министрлігінің міндеті. "Соған қарамастан біздің проблемамыз шаш-етектен" дейді Мәрзия Мұхамбетьярова.
Құлағының мүкісі бар балалар арнайы мектептерге барады. Керең болып туған балалар құлағына имплантант қойылса, сау балалар сияқты орта мектептерде білім ала береді.