11 жастағы Эвелинаның өзі бейтаныс кісіге қалай сеніп қалғанын білмейді. Орта жастағы әйелдің оны мектептен күтіп алып, қыздың анасына тосын сый жасамақ ойы бары екенін айтқан. Бұған иланған оқушы үйіне ертіп келіп, қолына ақша мен әшекей бұйымдарын ұстатыпты. Алаяқтың көзімен арбап, гипноздағанына Эвелинаның ата-анасы сенімді. Себебі қыз айтқанды қалт жібермей орындаған.
Эвелина Козорез, оқушы:
- Сені сәби кезіңнен білемін. Анаңның жан құрбысымын деді. Одан соң үйдегі ақшаны алып, қобдишадағы әшекейлерді ұстап көрді. Не болғанын білмей қалдым.
Бірден тәртіп сақшыларына хабар берілгенімен, күдікті әлі табылмапты. Алаяққа алданған отбасы тұратын ауданға бейнебақылау орнатылған. Эвелина да әйелдің кескін-келбетін тәтпіштеп суреттеп берген. Айғақ жеткілікті болса да алаяқтың ұсталмай тұрғанына енді ата-анасы қапалы.
Елена Давлетшина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Полиция басқармасының бастығы бізге «таспаны қарап шықтық. Бірақ күдікті ештеңе таба алмадық. Әлі іздеп жатырмыз» деп шығарып салды. Оны ұстамаса басқа оқушыларды да осылай алдайды ғой.
Тәртіп сақшылары да өңірде алаяқтардың қаптап кеткенін жасырмайды. Қазір Ақтөбеде осындай жолмен екі оқушы алданып қалған.
Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Ішкі істер органдарының қанша рет ескерткеніне қарамастан бұл алаяқтық деген өте қатты үрдіс алып дамып келе жатқан қылмыстардың бірі. Сол себепті бұл қылмыстың алдын алу өте қиынға соғып отыр.
Соңғы екі айдың ішінде Ақтөбе облысы бойынша алаяқтыққа қатысты үш жүзге жуық қылмыс тіркелген. Бұған тәртіп сақшылары жылы сөйлеген адамның сөзіне көне кететін адамдардың өздерін жазғырады. Себебі алаяққа ақшаны санап беріп, уақыт өткесін ғана сан соғып қалатындар жиі хабарласады екен. Ондай жағдайда қылмыскерді ұстау қиындатады.
Loading...