Ақтөбеде өзен жағалай орналасқан үйлерді су басып жатыр

Биылғы қыста қар мөлшердегіден бір жарым есеге көп түсті, деп хабарлайды "Хабар 24". Күн күрт жылынып, далалықтағы қар бірден ерігенде, сай-сала суға толды. Қала сыртындағы екі су қоймасы сыйғанынша су қабылдады. Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы 245 млн текше метр, ал Сазды су қоймасының қуаттылығы 6 млн текше метр су жинауға жетеді.

"Ақтөбе және сазды су қоймалары толықтай өзінің жобалық қуатындағы суды қабылдап алды. Қалған су қазір ағызылып жатыр, яғни, Елек өзеніне, Сазды өзеніне. Сонымен қатар, су қосымша еріп, қазір Тамды, Жаманқарғалы өзендері көтеріліп, Елек өзеніне құйып жатыр" дейді қала әкімдігі аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев. 

Су қоймаларына сыймай, өзенге ағызылған су саяжай тұрғындарын әбен әбігерге салды. Сазды және Елек өзендерінің жағасында орналасқан ұжымдардың тұрғындары түнімен ұйықтамаған. Өзен арнасынан асып, үйлердің іргесіне жетіпті.

"Түнгі сағат үштен бастап, терезе қағып оятты көршілер, шықсақ, есік алдының бәрі су, су кетіп жатыр. Түнде қараңғы болған соң, дым істей алмадық. Ары қарай алдын жырып едік, онымен толып кетіп, қайтадан көтерілетін болғасын, амал жоқ, мына жерді жауып жатырмыз" дейді қала тұрғыны Санат Жұмабаев. 


Құтқарушылар аса қауіпті аумақта қалған үйлердің тұрғындарын ғана қауіпсіз жерге көшіреді. Кешелі бері 68 адам көшірілсе, оның бесеуі арнайы дайындалған ғимаратқа орналастырылған. Қалғандары тума-туыстарына кетіпті. Су тасқынының алдын-алу үшін құрылған арнайы штаб мол суға қарсы әрекет ете алмай отыр.

Мамандар алдағы 3 тәулікте су деңгейінің әлі де көтерілуі мүмкін екенін айтады. Себебі далалықтағы мол қар еріп, өзендерге құйылып жатыр. Ал арнасынан асқан өзенді тоқтату мүмкін емес, сондықтан, әсіресе саяжай тұрғындары алдын-ала қам жасап, уақытша қауіпсіз жерлерге көшкендері дұрыс деп отыр.