Қаржы полициясының ақпаратына сәйкес, 2003-жылы қалалық білім беру басқармасының бастығы қызметін атқарып тұрған тұста М.Мыңжасаров облыс орталығында салынып жатқан №51 мектеп-гимназияға арнап 312 түрлі жабдықтар сатып алған. Бұл мақсатқа қалалық білім беру басқармасының есепшотынан 40 млн. теңге алынған.
Тексеру барысында белгілі болғанындай, басқарма мектепке арнап жабдық сатып алуға тендер өткізбеген. Сонымен бірге алынған жабдықтардың орташа нарқы құжаттарда көрсетілгеніндей 40 млн. теңге емес, 28 млн. теңге болып шыққан. Соның салдарынан жергілікті бюджетке 12 млн. теңгенің шығыны келді. Осыған байланысты М.Мыңжасаровтың үстінен билігі мен лауазымдық құқығын асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің ақпаратына сәйкес, М.Мыңжасаров шығынды толық өтеді.