Ақтөбеде қара жұмысқа жегілген мұғалім колледж директорын сотқа берді

Ақтөбедегі автокөлік жолдары колледжінің ұстазы Гүлмира Қарабаева қазір дәрісханадан гөрі сотқа жиі келеді. Себебі, аспаздарды еңбекке баулитын оған басшысы дәнекерлеушілерді оқытуды тапсырыпты. Біліктілігі сәйкес келмесе де бұйрығына бір жыл бойы шыдауға тура келген.

Бұл оқу орнының басшысы былтыр ауысқан. Жаңа қызметке келген Жанар Әлішоваға заңсыз әрекеттерін жайып салғаным үшін жақпай қалдым дейді. Себебі, оқытушыларды сабақ берудің орнына тазалық жұмыстарына жеккен. Тіпті төбедегі құстың саңырықтарына дейін жуғызыпты.

Гүлмира Қарабаева, Ақтөбе автокөлік жолдары колледжінің оқытушысы:

-Көгершіндердің қалдықтарын тазартты, акт залындағы  жұмысты жасатты. Соның бәрі жүйкемізге тиді. Қыстай мұздай жерде жұмыс істедік.

Мұны колледж директоры да мойындап отыр. Бірақ күлімсі иістен тұншыққан соң, ұстаздардың өздері сенбілік жасауды ұйғарды деп ақталуда.


Жанар Әлішова, Ақтөбе автокөлік жолдары колледжінің директоры:

-Оқытушылармен келісіп сенбілікке шыққанымыз рас. Көгершін саңырықтарынан төбелер көгере бастады. Құр қол отырсақ төбе құрттап кетеді ғой. Ал Қарабаеваны жұмыстан шығарайын деп жатырмыз. Оның оқушыларға дәріс беруге біліктілігі сәйкес келмейді.

-Тазалық жұмыстарына қатысты колледж басшысы білім басқармасынан сөгіс алыпты. Дегенмен, біліктілігі сәйкес келмейтін оқытушыларды жұмыстан шығарып жатқанын айтады. Соның қатарына Гүлмира Қарабаева да іліккен. Енді осы даулы істің ақ қарасын сот анықтайтын болады.