Ақтөбеде қол-аяғын үсітіп алғандар көбейді

Ақтөбедегі облыстық ауруханасына аяз басталғалы дене мүшелерін үсік шалғандар жиі түседі. Мұрын мен құлақтарының ұштары үсігендерге алғашқы ем-домдарын істеп үйлеріне қайтарса, қол-аяғы домбыққан бесеуді бақылауға алыпты.

Бағлан Рахметов, Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек ауруханасының бөлім меңгерушісі:

-Біреуі үйі жоқ кісі. Аяқтарын, башпайларын үсітіп алған. Үшінші-төртінші дәреже. Содан кейін тағы үшеуі үйге жіберілді. Біреуі балыққа барып сайда отырып қалған. Жүріп қалған үйге қайтпай. Ол қолдарын үсіріп алды.

Сынап бағанасы бұл өңірде отыздан төмен түскелі бері оқушыларға мектепке келмеуге рұқсат берілген. Бірақ сақылдаған сары аязға қарамастан сабақтан қалмайтындар бар. Мұғалімдер оларды кері қайтармай амалсыз ата-анасы келгенше күтіп отыруға мәжбүр.

Ольга Бажитова, мектеп директоры:

-Сабаққа келген оқушыны кері қайтара алмаймыз. Мұғалімдермен сыныпта отырады. Енді аязға байланысты болмаған сабақтарға кейін қосымша сағаттар қосып өткіземіз.

Шыңылтыр аяздан көлік иелері де жапа шегуде. Көбі көліктерін оталдыра алмай, жаяу қатынауға мәжбүр. Тіпті үскіріктің кесірінен машинасының электр сымдары тұйықталып, өртеніп жатқандары да бар. Бүгін осылай қаланың қақ ортасында Опель көлігі түгелімен жанып кетті.

-Синоптиктер осы аптаның ортасында ғана сақылдаған сары азя сәл сынады деп отыр. Оның өзінде желдің екпіні күшейіп, арты боранға айналады екен. Сондықтан далаға қымтанып шыққан абзал. 

Loading...