Ақтөбеде құлағы нашар еститін балалардың ата-аналарына ымдап сөйлеу тілі үйретіледі

«Саусақтар сөйлейді» жобасы өткен айда басталған. Ақтөбеде 80, ал аудандарда 50-ге жуық саңырау бала бар. Бүгінде 30-ға жуық адам осы жоба аясында ымдап сөйлеу тілін үйренуде. Оларға арнайы әзірленген әдістеме негізінде кәсіби сурдопедагогтар мен психологтар дәріс береді.
 
Есту қабілеті нашар балалар қоғамда ғана емес, отбасы мүшелерімен де қарым-қатынаста қиналады. Ата-аналар кейде баласының тілін түсінбейді. Көбінесе бұл ерекше балалардың қоғаммен қатар, отбасында да түсініспеушілік туындатады. Бұл баланың мінез-құлқындағы агрессивті өзгерістер мен қоғамнан оқшаулануына әкелетін өзекті мәселе.

Авторлар балаларды қорғау жылы бұл жобаның ерекше балалар мен олардың отбасыларының әлеуметтік мәселесін қоғамның күн тәртібіне шығаруға мүмкіндік беретініне сенімді.


- Жобаның арқасында қоғамның ымдап сөйлеу тілін үйренуге деген сұранысы мен қызығушылығы артады. Бұл мүгедектігі бар адамдармен тең құқықтық диалог орнатуға үлкен мүмкіндік, - дейді «Жас Өрен» жастар орталығының жетекшісі Нұргүл Қалиева.

Айта кетейік, курстарды арнайы әзірленген әдістеме негізінде кәсіби сурдопедагогтар мен психологтар өткізеді.