Ақтөбеде сал болып туылған балалар кәдімгі мектепте оқытылып жатыр

Ақтөбелік ұстаздар мүгедек балалардың мүмкіндігін қоғамның өзі шектеп отырғанына сенімді. Олар оқу жылы басында церебральды сал ауруына шалдыққан балаларды қаладағы орта мекептің әзірлік сыныбына жинап сынақ жүргізген. Бір жыл ішінде мүгедек оқушылардың дені сау қатарларынан сабақты кем оқымайтынын анықтапты. Тіпті, қол-аяғын кейде игере алмайтындар дәріс кезінде белсенділік танытқан. Осылайша қатарластарынан қалмай білім алып, ауруынан айығып кетуіне болады дейді мамандар. 

Айна Смағұлова, мұғалім:

-Үйде шықпаса мүгедек бала томаға-тұйық болып қалады. Егер дені сау балалармен қатар оқыса, мінезі ашылып, аурушаң екенін ұмытады. Олармен жұмыс істеуде ешқандай қиындық жоқ.  

Ата-аналар да мүгедек баласының қатарымен білім алғанын қалайды. Тәжірбиеге қатысқалы бері құлшыныстары артқанын байқапты. Балалардың өздері де дәрістерін тоқтатқысы келмейді.  


Маша Руденко, оқушы:

-Мен Әлиямен достастым, Катямен де доспын. Сабақта сурет салып, жазу жағанды ұнатамын. Апайлар тақпақ берсе, бірден жаттап аламын. Маған сабақ оқыған ұнайды.

Ұстаздардың церебральды сал аурымен ауыратын балаларға қатысты ұсыныстарына шенеуніктер әзірге ешқандай жауап қатпапты. Себебі, қарапайым орта мектептерде мүгедек оқушыларға жағдай жасай алмай отырғандарын жақсы түсінеді. Тіпті, арбамен кіріп шығатын қарапайым пандустың өзі қаладағы білім ошақтарының барлығында бар деп айту қиын.