Ақтөбеде шабуыл жасалған қару-жарақ дүкені иесіне қатысты іс қозғалды

Мырзамұратовтың сөзінше, қарулы шабуыл жасалған қару-жарақ сататын "Паллада" дүкені иесінің үстінен "қаруды дұрыс сақтамады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Қалада қару-жарақ дүкендерінің иелеріне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (бір айлық есептік көрсеткіш - 2121 теңге) айыппұл салынған.

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде белгісіз адамдар қару-жарақ сататын "Паллада" және "Пантера" дүкендеріне және ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан 7 адам (үшеуі - әскери) қаза тапқан. Бірнеше күнге жалғасқан арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, тағы бірнеше адамның ұсталғаны хабарланған.

24 шілдеде шабуылға байланысты іздеуде болған үш адам Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Нұрлан Сейіловтердің жасырынуына көмектескен деген күдікке ілінген жергілікті тұрғын Мирлан Ердауов қыркүйектің 20-сына дейін қамауға алынған.