Бұл – соғыс ардагері Қуанышбай ақсақалдың шаңырағы. Қолындағы бала-келіні баспанасын тегін жаңалап береміз дегенде қатты қуанған. Аталарының арқасында жөндеу жұмыстары үшін шығындалмайтын болды.
Санат Ермағанбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Жөндеу жақсы жүріп тұр. Әкеміз рахметін айтатын шығар Ол кісі қазір немересінің үйінде. Жөндеу жүріп жатқасын отыра алмайды ғой.
Ал тағы бір соғыс ардагері Заря Әбілханова кәсіпкерлердің көмегімен күрделі жөндеуден өткен пәтерін танымай қалды. Қолтығын демеген келінінен қайда келгенін қайта-қайта сұрай береді.
Демеушілер де қарттардың батасын алу үшін барын салыпты. Жөндеуге кіріспес бұрын үй иелерінен қандай материал қолдану керектігін біліп, жаңартылатын жиһаздардың тізімін алған. Ал жергілікті билік өкілдері жөндеу сапасын бақылаумен жүр.
Нәйлә Бөртебаева, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
-Жерлігілікті бюджеттен қаражат қарастырылған жоқ. Сондықтан қалалық бизнес өкілдері өз ұсыныстарымен шыққан болатын. Бүгінгі күнге міне осындай 26 үй күрделі жөндеуден өтті.
Бір ай ішінде жалпы 76 ардагердің пәтері жаңартылатын болды. Ал осындай жөндеу жүргізуден ақтөбелік 51 қарт майдангер бас тартқан. Бірақ демеушілер оларға керек-жарағын алу үшін жүз мың теңгеден үлестірмекші.
Loading...