Ақтөбеде үйінің төбесі қираған отбасы жұрттан көмек сұрайды

Гүлжайна Молдағалиева қазір пәтер жалдап жүр. Көпбалалы отбасы көршісінің кесірінен жалғыз баспанасынан айырылған, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Өткен жылдың қыркүйек айында көршіміз жылу қазандығын жөндеп, дәнекерлеу жұмыстар кезінде газ атылды. Сол күні пәтеріміз іске аспай қалды. Бізге жүк көлігін беріп, аман қалған мүлкімізді алып кеттен едік. Пәтер жалдап тұрамыз. Алғашқысында жарылыс жасаған үйдің иелері ай сайын 15 мың теңге берді. Қазір ол да жоқ, сот кезінде шығынымыз өтелмеді. Тіпті сотталған адам рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты. Біз жағдайымызды айтып, көмек сұраймыз. Үйім тұруға жарамсыз, төбесі тесілген, дала көрініп тұр», — деді ауыл тұрғыны Гүлжайна Молдағалиева.

Қазір отбасы үйді жөндей алмайды, тұруға жарамсыз. Ал ай сайын пәтер ақысын төлеу қиынға соқты. Себебі отағасы тұрақты жұмыс істемейді.


«Төрт балам бар. Үлкені Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Бір балам ІІІ топ мүгедегі, Жайсаң мектеп-интернатында білім алып жүр. Біреуі мектепте оқиды. Ал 5 жастағы балам туа бітті сал ауруына шалдығып, Алға ауданындағы сауықтыру кешенінде ем қабылдап жатыр. Ол үш ай ем алады», — дейді Гүлжайна Молдағалиева.

Екі қабатты үйде су, электр тоғы жоқ. Тұруға жарамсыз үйдің иелері жергілікті әкімдіктен көмек сұрап, тығырықтан шығу жолдарын іздейді. Бірақ әзірге ешкімнен қайыр болмай тұр.