Мешіт қала орталығындағы үш гектар жерде бой көтереді. Мешіттің жобасы жасалып, бекітілді. Онда дұға оқитын зал, медресе, неке қиятын бөлме, асхана, құрбандық және пітір-садақаға арналған орындар болмақ. Мешітке бір уақытта 3 мың адам жинала алады.
А.Рсалиннің айтуынша, мешіт құрылысы биылғы жылдың мамыр айында басталады. Ол демеушілер мен қайыр-садақа қаржысына салынады деп межеленген. Қаржы жинау үшін "Ақтөбе мешіті" атты қоғамдық қор құрылды. Мешіттің бой көтеруі үшін 6 млн. доллар қажет.
А.Рсалиннің хабарлауынша, қазіргі жағдаймен Ақтөбе облысында 66 діни бірлестік, соның ішінде 38 мешіт, 28 христиандық шіркеу тіркелген.