Полиция оны мал бағып жүрген жерінен тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Юрий Аверьянов Шығыс Қазақстан облысында туып-өсіп, Орал қаласында істі болды. Жазасының соңғы жылын Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында, Ақтөбе қаласындағы қоныс колониясында өтеді. 33 жастағы жазасын өтеуші «ҚазАдалҚұрылыс» компаниясында жұмыс істеп жүрген кезде анасының бейітін ізеуге шығып кеткен. Іс материалына сүйенсек, жазасын өтеуші таңертең жұмысқа барып, қоныс колониясына кешкілік қайта оралмаған. Ол үйіне оралып, анасының бейітіне бармақ болды. Юрий Аверьянов Ақтөбе облысы, Жем қаласындағы түрмеде жазасын өтеп отырған кезде анасы көз жұмған және оның қай жерде жерленгені туралы ешқандай ақпарат білмейді. Жаяу жолға шыққан ол Самара-Шымкент тасжолымен Хромтау ауданының Бөгетсай ауылына барады. Дүкенге кірген кезде бейтаныс әйел мал бағып, жұмыс істеуді ұсынады. Жазасын өтеуші бұл ұсынысты қабылдаған. Сот отырысы кезінде жазасын өтеуші Юрий Аверьянов кінәсін толық мойындап, өз ісі үшін өкінетінін жеткізді.
«Юрий Аверьянов Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтару» бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бұрынғы қылмысының жазасы өтелмеген тағы 1 айы қосылып, 7 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын өтеуші сот залынан қамауға алынсын. Юрий Аверьянов жазасын қауіптілігі жоғары түзету мекемесінде өтейді»,- деді судья Гүлнар Тлепова.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.