Ақтөбеде жоғалған баланы іздеуге мың адам жұмылдырылды

Сандыбаевтардың жалдап отырған мына үйіне үш күннен бері келіп жатқандардың қарасы көп. Барлығы кішкентай Темірланды іздеушілер. Бес жасар бүлдіршінді анасы өткен жұма күні таңғы тоғыздар шамасында қақпа алдына ойнауға шығарған. Жиырма минуттан кейін қайтып оралғанда баласының орнын сипап қалыпты.   

Арман Төрениязов, Темірланның ағасы: 

-Осы аулада топырақта ойнап отырған. Мүмкін, осы қаланың бір жерінде жүрген шығар шешесін таба алмай. Үстінде ақшыл күрте, аяғында қара бәтеңке.Джинси, жасыл трико болды.

 Қазір Темірланды іздеуге мыңға жуық тәртіп сақшысы мен студенттерден құрылған еріктілер жасағы тартылған. Патрульдік жол полициясының қызметкерлері көліктеріндегі дыбыс ұлғайтқыш арқылы көше бойында хабарлама таратып жүр. Іздеушілер шұңқырлардан бастап, тіпті қала іргесіндегі молаларды да шолып шығыпты. Әзірге нәтиже жоқ. Осы оқиғадан соң өңірде бала ұрлаумен айналысатын қылмыскер туралы қауесет тарап кетті. Бірақ оны тәртіп сақшылары жоққа шығарып отыр.


 Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Тексеріс жүргіздік. Әлеуметтік желіде  таратылып жатқан ақпарат  шындыққа жанаспайды. Жалған.

-Көршілерінің айтуынша, жоғалған бала күн сайын қақпа алдында ойнайды екен. Сол күні оны ешкім байқамаған. Дегенмен баланы танитындарды тәртіп сақшылары қайта-қайта тергеп жатыр. Іздеу жарияланғалы бері ішкі істер бөлімдеріне Темірланды көрдім деген бірнеше қоңырау да түсіпті. Бірақ ешқайсысы расталмады.