-Арман табылды. Аман-есен келді. Бәрі жақсы.
Ұлы табылған әкеніңқуанышында шек жоқ. Қой сойып, садақа бермекші. Естеріңізге салсақ, Арман Сұрағанов өзі қызмет еткен Қорғаныс істері басқармасынан осыдан тура жарты жыл ізім-ғайым жоған. Осыдан соң оның не өлісін, не тірісін білмей туыстары сабылды. Соқталдай жігіт ақыры алты ай өткенде табылып отыр.
Халима Сұрағанова, А. Сұрағановтың анасы:
-Түнде полиция алып келді. Сағат екілерде хабарлады маған балаңыз табылды деп. Содан үш-үш жарымдарда үйге келді балам. Қуанып, қол аяғым дірілдеп не айтарымды білмеймін. Қуаныштан жарылайын деп тұрмын.
Арман Сұрағановты байлаулы жатқан жерінде мал бағып жүрген шопан тауып алыпты.Туыстары сержанттың осыншама уақыт бойы кісі қолында болғанына сенімді. Шашы иығынан түскенше өсіп, адам танымастай арықтап кеткен.
Еркін Таласбаев, А. Сұрағановтың ағасы:
-Үстінде киімі жоқ. Майка мен трусиі ғана. Аяқ қолын байлап тастап кеткен. Қашыққа тастаған. Ол өзі еңбектеп сол жолға келген. Содан шабан тауып алып Хромтаудағы бөлімге хабарлаған.
Арманның туыстары онымен жарытып сөйлесе алмағанын айтады. Себебі, тәртіп сақшылары жақындарымен жүздестірген соң тергеуге алып кетіпті. Қазір сонда жауап беріп жатыр екен.
-Ақтөбе облыстық Ішкі істер басқармасындағылар тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты қандайда бір мағұлмат бере алмайтындарын айтады. Тек Арман Сұрағановтың денсаулығына қатысты шағым түсірмегенін және ауруханаға жатудан бас тартқанын жеткізді. Сержант жоғалған алты ай ішінде тәртіп сақшылары адам ұрлығы және адам өлімі бойынша екі рет қылмыстық іс қозғаған болатын.