Әмір Имамурзин, Сұлтан Батрамбетов есімді оқушылардың жоғалғандығы туралы бірінші дабылды ата-аналары көтерген. Осыдан кейін шұғыл түрде аудан әкімі Асқар Шериязданов бастаған 100-ге тарта адам оқушыларды іздеуге кірісті. Сол күні таңғы 4-ке дейін жүргізілген іздеу жұмыстары нәтиже берген жоқ. Келесі 21 наурыз күні сағат таңғы 7-ден басталған іздеуге аудан орталығындағы төрт мектеп ұжымы, жергілікті колледж студенттері, аурухана дәрігерлері, еріктілер жұмылдырылды. Сол күні сағат түскі 11 шамасында оқушылар табылды.
Оқушылар қар басып қалған шұңқырға түсіп кеткен. Табылған оқушылар бірден ауруханаға жатқызылды.
Аудандық орталық аурухананың хирургиялық бөлім меңгерушісі Сәкен Нәбиевтің айтуынша, балаларды 1 дәрежелі үсік шалған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген оқушылардың жағдайы бүгінгі күні - қанағаттанарлық. Жақында аураханадан үйлеріне қайтарылады.
Балалар түсіп кеткен шұңқырдың беті неге жабылмағаны қазір анықталу үстінде. Аудан басшылығының айтуынша, балаларды тауып алған ю4 орта мектептің 3 оқушысы марапатталатын болады.