Ақтөбедегі аудандық сот оқушысының өліміне кінәлі мұғалімді 8 жылға бас бостандығынан айырды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың 18-сәуірінде Алға ауданы Тоқмансай ауылдық ауруханасында осындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы соққыға жығылу салдарынан алған жарақаттардан жан тәслім еткен. Сол күні ауруханаға таяқ жеген тағы бір бала келіп түсті. Ол қайтыс болған баламен бір класта оқыған. Соңынан белгілі болғанындай, екі баланы да орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі екі жолдасымен бірге соққыға жыққан болып шықты. Күдіктілер сол күні ұсталды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында мұғалім өзінің жасаған қылмысын мойындады. Оның айтуынша, "оқушылар сабақ үстінде шуылдап тыныштық бермеген".
Аудандық сот мұғалімді 8 жылға бас бостандығынан айырды. Екінші айыпкерге де осындай үкім шығарылды. Сотталған екеу жазаны жалпы тәртіпті абақтыда өтейтін болады. Ал үшінші айыпкер бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.