Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі ТЖ аймақтық департаментінің өкілі Виталий Синевке сілтеме жасап хабарлайды.
Дәл қазір автобус өртенуінің себебін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.
«Қылмыстық істің қозғалғаны анық. Өрттің шығу себебін прокуратура, ІІД, ТЖД, апат медицинасы және облыс әкімінің орынбасары бірігіп анықтап жатыр», - деді Виталий Синев РИА Новости басылымына берген сұхбатында.
Синевтің айтуынша, автобустың бүйір есігі бұғатталып қалған. Осының салдарынан автобус ішіндегілер сыртқа шыға алмай, көп адам ажал құшты.
Ішкі істер департаменті аталған қылмыстық істің «Көлікті басқарып отырған тұлғаның жол ережесін бұзуы немесе көлік құралын пайдалануынан екі немесе одан да көп адам қаза табуы» бабы бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай бүгін Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Өзбекстанның 57 азаматы отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған.
Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген
автобустың видеосы шықты.
Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, қазір оларды Ақтөбеге алып бара жатыр. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов.
Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда болған оқыс оқиға орнына дәрігерлер, СІМ және министрлік қызметкерлерін жіберу үшін ұшақ әзірлеп жатыр.