"Біз бұл нысанның қараусыз қалу дерегі бойынша тексерулер жүргіздік. Біздің алдын-ала пайымдауымызша, бұл жерде "Ақбұлақтың" кінәсі бар. Құбырдың апатты жағдайда екенін біле тұра олар оның жарылу немесе түсіп кету мүмкіндігін тексермеген",- деді Ақтөбе қаласының прокуроры Болат Шілікенов.
Сонымен бірге прокурордың хабарлауынша, қазір осы маңдағы тұрғындар арасында сауалнама жүргізілуде. Өйткені, "Ақбұлақ" АҚ-ына қатысты тұрғындардан бұрын да арыз-шағымдар келіп түскен.
"Бұл оқиға болған кезде полиция қызметкерлері трассаны қарап шыққан, нәтижесінде айналасы қоршалмаған апатты орындар анықталған. "Ақбұлақ" қызметкерлері мұндай дерекке жол бермеу үшін шара қолдануға тиіс болатын",- деді Б.Шілікенов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 5-сәуірде Ақтөбеде 9 жасар бала жер бетінде түзілген шұңқыр арқылы кәріз құбырына құлап кеткен. Баланы тек төртінші күні ғана тауып алды. Ол қатты ағынмен алысқа ағып кеткен. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша баланың өкпесіне су кіріп кету салдарынан қаза тапқан.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті