Ақтөбелік кәсіпкер келген клиенттеріне дастархан жайып қонақ қылады

Бұл компанияның қызметкерлері таңертең жұмысқа келген бойда сап құрып, мемлекеттік әнұранды шырқайды. Ал кезекшілікті қабылдап алған жұмысшылардың бірі самаурынға шоқ салып, Сафия әжейге қолғабыс жасайды екен. 75 жастағы кейуанаға дүкен басшылары қолқа салыпты. Келушілерге шәй құйып, ұлттық дәстүр туралы әңгіме айтып бергені үшін жалақы да төлеп отыр.

Сәфия Ережепова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-Осы мекеменің бастықтары ұлты басқа болса да мына елді сыйлап, халықты сыйлап шай дастархан жайып қояды. Мен келіп құйып берем жаңағы жұманың құрметіне, балаларым бірге істейді. Немерем істейді осында. Жалақы төлейді онымен қоймай.

Мұнда келушілердің барлығына дастархан жаюлы. Ол үшін ақы алмайды. Жұма сайын жеті шелпек таратып, молда шақыртып құран да оқылады. Дүкеннің кез-келген бұрышынан ұлтқа деген сүйіспеншілік байқалады. Тіпті қабырғаларына дейін қазақы нақыл сөздер жазып қойған.

Сергей Вишняк, компания басшысы:

-Жеті атамнан бері қарай осы қазақ жерінде тұрып келемін. Қазақтың халқын, салты мен дәстүрін дәріптеу маған парыз. 200-ге тарта адам менде жұмыс істейді. Олардың барлығы да осы ісімізді құп көреді.

Бұл дүкеннен ақысыз дәм тату үшін таксишілер шықпайды екен. Орталық күзетшілері олардың қыста әрнені сылтауратып шәй ішіп жылынып кетінін айтады. Енді сауда үйінің басшылары бірнеше ірі қара сойып наурызды дүркіретіп тойлауға дайындалуда. 

Loading...