Ақтөбелік кәсіпкерлер Ресей үкімет басшысына РФ аумағы арқылы электр қуатын транзитті тасымалдау мәселесін реттеуді сұрады

Хатта атап көрсетілгеніндей, Ақтөбе облысы энергияға тапшы аймақ саналады әрі Қазақстан аумағы арқылы электр қуатын өндіруші ірі орталықтармен электр жалғастыру желісімен қосылмаған. Сол себепті облыс электр қуатын Ресейлік компаниялардан сатып алуға мәжбүр. "Ал олар бағаны барған сайын көтеріп, күн өткен сайын қатаң шарт қоя бастады". Соның салдарынан Ақтөбе облыстық тұтынушылар электр қуаты үшін республика көлемінде ең жоғары баға төлеп отыр. Ал Солтүстік Қазақстанда электр қуаты артық көлемде өндіріледі. Ол Ақтөбе өңірінің электр қуатына деген сұранысын толыққанды қамтамасыз ете алады.

Өнеркәсіпшілердің пікірінше, мәселенің түйіні - Ресей аумағы арқылы электр қуатын транзитті тасымалдауды қамтамасыз етуде болып тұр. "Тиісті құқықтық база ТМД елдері арасындағы келісімдермен реттелген". Алайда, хатта атап көрсетілгеніндей, "электр қуатын экспорттау және импорттау мәселесі бойынша іс жүзінде монополиялық жағдайдағы, РАО "ЕЭС России" компаниясымен аффилиирлік байланыстағы "ИнтерРАО ЕЭС" ЖАҚ біздің мәлімдемелерімізге назар аудармай отыр". Бұл компания Солтүстік Қазақстанның қуат көздерінен сатып алған электр қуатын 2-2,5 есе артық бағаға қайтадан өзімізге, Ақтөбе облысына сатуда.
Ақтөбенің өнеркәсіп орындарының өкілдері Ресей үкіметінен "аталмыш проблеманы қайта қарауды" сұрайды.