Ақтөбелік кәсіпорын қоқысты кәдеге жаратып отыр

қолданыстан шыққан көлік дөңгелектерін қайта өңдеп, алғашқы өнімін шығара бастайды, деп хабарлады  www.24.kz.

Әзірге ескі дөңгелектерді қайта өңдеп, шикізат дайындап жатыр. Алдағы уақытта дайын өнімді көрші облыстарға шығаруды да көздейді. Кәсіпкер Исмұхамбетовтың тың идеясын «Даму» қорының мамандары бірден қолдады. Біріншіден, экологиялық проблема шешіліп, ескі дөңгелектер кәдеге асады. Екіншіден, кез келген еденге төсеуге болатын сапалы резеңке жабындар шығарылады. Кәсіпкер 12 млн 600 мың теңге жеңілдетілген несие алса, оның 7%-ын мемлекет субсидиялады. Қытайдан әкелінген технологиялық желі сағатына 200 келі шикізат өңдейді.

«Арнайы желі дөңгелектерді 1 мм-ден бастап, 5 мм-ге дейін әртүрлі көлемде ұсақтай алады. Біз болашақта шығаратын резеңке жабындарды әкімшілік ғимараттарға, балалар алаңы мен спорт залына төсеуге болады. Адам құлаған кезде жарақат алу қаупін азайтады», - дейді  кәсіпорын директоры Константин Ізмұхамбетов.

Дөңгелекті көлік жөндейтін орталықтар мен жеке адамдардан сатып алады. Алдағы уақытта автобус паркі сияқты ірі кәсіпорындармен әріптестік орнатып, істен шыққан дөңгелектерді бір жерден алуды жоспарлап отыр. «Желіде қайта өңделген резеңкелердің сапасы жақсарады», - дейді кәсіпкер. Түрлі қоспалар араластырып, төзімділігін нығайтады. Резеңкеден құйылған төсеніштер 10 жылға дейін сыр бермейді екен. Осы жобаның мемлекет тарапынан қолдау тапқанына идея авторы Константиннің әкесі Марат та қуанып отыр.

«Жобаны іске асыру үшін 15 млн теңге қаражат жұмсадық. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Ақшаның 10%-ы жеке қаражатымыз, қалған 12 млн теңгеден астам қаржыны несиеге алдық. Мемлекет қолдамаса, кәсіпорынды аша алмас едік», - дейді жоба авторы Марат Ізмұхамбетов.


Дайын өнімді қаладағы барлық мекемелерге ұсынамыз, - дейді кәсіпкер. Жалпы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылдың бірінші жартысында 34 жоба субсидияланған. Ол мақсатқа 2 млрд теңге жұмсалды. Тағы 31 нысанды субсидиялау туралы келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар кепілдік беру бойынша 22 нысанға қолдау көрсетілді.