Бастығының тапсырмасымен жылқы қараған жүргізуші өрт шығып, саусақтарын күйдіріп алған. Еңбекке жарамсыз болып қалған ер адам жұмыс берушіден өтемақы мен төленбеген жалақысын талап етуде.
Ақтөбе соты жұмыс барысында жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалған азаматтың шағымын қарай бастады. Жүргізушінің айтуынша, ол “Сервис Мұнай” компаниясында 2014 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеген.
- 2015 жылы 26 мамыр күні серіктестік директорының тапсырмасымен далалыққа бастығымның жылқысын қарауға шықтым. Жолда “Урал” мотоциклінің бензин багы өртенді. Киімім өртеніп, 2,3 дәрежелі күйік жарақатын алдым. Еңбекке қабілетім жоғалып,қолымның саусақтары бүгілмейтін болды,-деп көрсеткен ол өз шағымында.
Ақтөбелік өндірісте жұмыс берушінің кінәсінен жарақат алдым деп санайды. Сондықтан соттан 763 мың теңге көлемінде төленбеген жалақысын және 10 млн теңге моральдық шығын талап етіп отыр. Қазір азаматтық іс сотта қаралуда.